2025 жылдың алғашқы бес айында мұнай тасымалдау көлемі 34,7 млн тоннаға жетті

24

2024 жылы ҚМГ-ның мұнай тасымалдау көлемі 83,5 млн тоннаны құрап, жоспарлы көрсеткіштен 8%-ға (немесе 6 млн тоннаға) көп және 2023 жылмен салыстырғанда 4%-ға артық. Соның ішінде Каспий құбыр консорциумы арқылы 55,7 млн тонна мұнай жөнелтілді.

2025 жылдың алғашқы бес айында мұнай тасымалдау көлемі 34,7 млн тоннаға жетті, бұл жоспардан 2%-ға (немесе 825 мың тонна) көп.

Сонымен қатар ҚМГ қосымша экспорттық бағыттарды дамытып келеді. 2024 жылы Германияға мұнай жеткізу көлемі 50%-ға ұлғайды. 2025 жылы 2 млн тоннаға дейінгі көрсеткішке жету жоспарда.

SOCAR компаниясымен жасалған келісім аясында Қазақстан мұнайын Ақтау-Баку-Джейхан бағытында транзиттеу көлемі 1,4 млн тоннаға немесе 27%-ға ұлғайды. 2025 жылы бұл деңгейді 1,7 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.

«Қазақстан – Қытай» мұнай құбырын салу жөніндегі стратегиялық жобасы ерекше назарда. Биыл бұл мұнай құбырын кеңейту жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге арналған техникалық тапсырманы Қытай тарапымен келісу процесі аяқталады деп күтілуде.

Қазақтеңізкөлікфлоты мен AD Ports Group арасындағы ынтымақтастықты нығайту аясында ашық теңіздерде қызмет көрсетуге арналған бірлескен танкер флотын кеңейту жоспарда. 2025 жылы Қазақтеңізкөлікфлоты дедвейті 115 000 тонна болатын «Афрамакс» типті екі танкерді сатып алу жөніндегі бастаманы іске асырмақ, ал AD Ports Group тарапынан осындай тағы екі кемені жеткізу көзделген.

Source:https://www.facebook.com/kazmunaygaspress

Facebook Comments Box